Қазақстан • 16 Қазан, 2017

Қазақстанда қарашада 30 градус аяз болады

481 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қыстың ызғары қарашаның соңында сезіледі. Бұл туралы баспасөз мәслихатында «Қазгидромет» РМК ауа райының ұзақмерзімді болжамдар басқармасының басшысы Гүлмира Ақышева мәлімдеді.

Қазақстанда қарашада 30 градус аяз болады

Ұзақ мерзімді болжамдарға сәйкес, Қазақстанда қыс ерте әрі қарлы болады. Еліміздің солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында тұрақты қар қарашаның  ортасында түссе, оңтүстік және батыс аймақтарда желтоқсанның екінші жартысында қар жататын болады.

«Қыстың ызғарын қарашаның соңында сезіне бастаймыз. Ол кезде еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде ауа температурасы түнде минус 30 градусқа дейін, ал күндіз -15-ке дейін төмендейді. Қазақстанның оңтүстік жартысында түнде минус 15-ке дейін, ол күндіз минус 5 дейін суытады», - деді басқарма басшысы.

2018 жылғы қаңтар Азиялық антициклонының ықпалынан аз қарлы және суық болады. «Ақпанда мол қар жауып, қатты жел мен боран соғады. Осы ретте еліміздің солтүстік-батыс жартысында ультраполярлық суық ауа массаларының енуімен бірқалыпты аязды, ауа температурасы климаттық нормадан 1...2°С төмен ауа-райы күтілуде, ал оңтүстік-шығыс жартысында оңтүстік циклондардың жиі шығуымен температуралық фон климаттық нормаға жуық болады деп күтілуде»,-дейді ол.

 

Соңғы жаңалықтар